Алматыда ата-аналар №65 мектеп-гимназиясының асханасындағы санитариялық жағдайға шағымданды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тамақ таратуға арналған лифттің қоқыс жиналатын орынға айналғаны көрсетілген. Оның астында қоқыс пен көгерген ыдыстардың жатқаны байқалады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Ата-аналар Бостандық ауданының прокуратурасына және санитариялық-эпидемиологиялық қызметке мектепті тамақпен қамтамасыз ететін жеке кәсіпкердің жұмысын тексеруді сұрап, ресми өтініш жасаған.
Осыған байланысты Алматы қаласы Білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, №65 мектеп-гимназиясының директорына мектепішілік бақылаудың болмағаны үшін ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жаза қолданылды.
– Бұл дерек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің назарына алынды. Ыстық тамақпен қамтамасыз ететін кәсіпкерге қатысты тиісті шаралар қабылданады, – делінген басқарма хабарламасында.