Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнсті қабылдап, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесу барысында Президент сенаторды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде қол жеткізілген келісімдерді сапалы іске асырудың маңызын айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа жоспарланған сапары барысында екіжақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
Президент Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесі және Джексон–Вэник түзетуінің күшін жою жөніндегі заңнамалық бастаманы қолдағаны үшін Стив Дэйнске алғыс айтты.
Өз кезегінде АҚШ сенаторы Қасым-Жомарт Тоқаевқа АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізі мен ізгі тілегін жеткізді.
Стив Дэйнс Қазақстанның жаңа Конституция қабылдауын ерекше атап өтіп, Президентті ауқымды саяси реформалардың табысты жүзеге асуымен құттықтады. Оның пікірінше, жаңа Негізгі заңда бекітілген қағидаттар мен құндылықтар Қазақстанның одан әрі жаңғыруына және қуатты мемлекет ретінде дамуына берік негіз қалайды.
Кездесу соңында тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.