Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталды

Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталды
pixabay.com

Қазақстаннан 16 мың литрден астам жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетудің 392 әрекеті анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Күшейтілген бақылау нәтижесінде жалпы көлемі 16 мың литрден асатын жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкетудің 392 дерегі анықталды. Көп жағдайда жанармай арнайы жасалған қосымша бактар мен канистрлерге құйылып шығарылмақ болған», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Ведомствоның мәліметінше, бақылау Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша күшейтіліп, ішкі нарықты қорғауға және мұнай өнімдерінің заңсыз әкетілуіне жол бермеуге бағытталған.

Тексеру автомобиль өткізу бекеттерінде де, шекара маңындағы мобильді топтар арқылы да жүргізілуде. Сонымен қатар жанармай құю бекеттеріндегі отын сату көлемі мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының қызметіне күнделікті мониторинг жасалып жатыр.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, күшейтілген бақылау басталғалы мобильді топтар 122 автоцистернаны тексеріп, бірқатар жағдайда сараптама жүргізу үшін жанармай сынамаларын алған.

Мәселен, 6 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу бекетінде жүк көлігінің қосымша багына жасырылған 1,2 мың литр дизель отынын заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды. Ал 8 шілдеде Павлодар облысында мобильді топ 4 мың литрден астам бензинді ілеспе құжаттарсыз тасымалдаған автокөлікті ұстады.

Сонымен қатар Жол картасы аясында шекара маңындағы жанармай құю стансалары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарына қатысты 103 хронометраждық тексеру тағайындалған.