Әлеуметтік желіде Меркі аудандық ауруханасында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен мекеменің материалдық-техникалық жабдығына қатысты шағымдар қаптап кетті. Осыған байланысты Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жиынға Астанадан келген ҚР Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысына ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Айманов та қатысты, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Ол Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияны басқарады. Оның құрамына денсаулық сақтау басқармасы басшылығының, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ филиалының, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің өкілдері енген.
"Комиссия барлық көрсетілген фактілер бойынша тексеру жүргізеді және оның нәтижелері бойынша қорытынды әзірлейді. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес жауапқа тартылатын болады. Облыс басшысы осы және өзге түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін барлық аудандық ауруханаға тексеру жүргізуді, жергілікті жерлердегі жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуді тапсырды", делінген облыс әкімдігі нұсқаулығында.
Ербол Қарашөкеев жауаптыларға облыстың медициналық ұйымдарында қажетті дәрілік заттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау нысандарының қызметіне бақылауды күшейту және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеді.
Айта кетсек, Жамбыл облысында 2025 жылы наурызда ауруханада жаңа босанған әйел мен баласы көз жұмды. Тексеру кезінде бірқатар медициналық олқылықтар анықталды. Сондай-ақ процедуралық кабинеттердің бірінде екпе салдырған адам да қайтыс болды. Осы жағдайлардан соң Денсаулық сақтау министрлігі өңірде арнайы тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша ел азаматтарына үндеу жариялады. Үндеуде ел тұрғындарына қандай да бір медициналық қызметке жүгінер алдында оның лицензиясын тексеруді, яғни заңды-заңсыз жұмыс істеп жатқанын алдын ала тексеріп алу сұралады. Өйткені тексеру кезінде, өңірдегі 107 процедуралық кабинеттің тек 42-сінің лицензиясы бар болып шыққан. Осыдан соң желіде жекелей тексеруді сұраған шағымдар қаптай бастады.