Астанада әйел пышақ жарақатынан қаза табуына байланысты полиция қызметкерлеріне қызметтік тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде төрт қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылып, тағы бірнеше басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция мәліметінше, ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың әрекетіне тексеріс жүргізген. Нәтижесінде екі аудандық полиция басқармасының бастығы мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ, Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметінен босатылған.
Полиция департаментінің бастығы мен тағы бір орынбасарына қатаң тәртіптік жаза қолданылған.
Сонымен қатар, қызметке салғырт қарау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу аясында бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды.
Оқиға 23 қыркүйекте кешке болған еді. Әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.