Астанадағы сотта Назарбаевтар фамилиясы аталды

Көркем Алдабергенова 22 қыр. 2025 13:41

Бүгін Астанадағы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотта Назарбаевтар отбасының есімі аталды. Мұнда ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті талапкер ретінде, ал жауапкер – Назарбаев Н. Б. қатысқан істі қарау басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әңгіме, шамасы, марқұм Болат Назарбаевтың 41 жастағы ұлы Нұрбол Назарбаев туралы болып отыр. Дегенмен істің мән-жайы құпия сақталуда. Комитет пен сот құпиялыққа сілтеме жасады.

Соттың түсіндірмесі мынадай болды:

"Аталған талап-арызда жариялауға жатпайтын және қызметтік пайдалануға арналған материалдар бар. Сол себепті процесс ашық жүргізілмейді", - делінген жауапта.

Айта кетейік, 8 қыркүйекте Президент Тоқаев халыққа Жолдауында Активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті етіп қайта атау қажет екенін айтты. Ол: «Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен жақсы жұмыс атқарды», – деп атап өткен. Бұл сөздерді көптеген саясаттанушылар мен сарапшылар «ескі» мен «жаңа» Қазақстан арасындағы текетірестің аяқталуы деп бағалаған еді.

Осы тұрғыдан алғанда, Болат Назарбаевтың ұлына қарсы талап – Бас прокуратураның «ескімен» күрестегі соңғы қадамы ма, әлде сарапшылар асығыстық танытты ма деген сұрақ туындайды.

Нұрбол Назарбаев 2011–2017 жылдары Алматы облыстық ІІД-де жұмыс істеген, оның ішінде басшының орынбасары қызметін атқарған. 2017 жылы ашық деректерге сүйенсек, ол Prime Capital Holding инвестициялық қорын құрып, бақылау кеңесін басқарған.

Айта кетсек, Назарбаевтар отбасының аты жақында тағы да ақпарат алаңында аталды. KazTAG агенттігінің хабарлауынша, Ақмола облысында Жер ресурстарын басқару департаменті Бурабай курортындағы беделді жер телімдері үшін соттасып жатыр. Жауапкерлер қатарында Болат Назарбаевтың балалары бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар