Астанадағы өрескел оқиға: Арсен Томский мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 05 там. 2025 15:13

Астанада inDrive жүргізушісінің жолаушы қыздың көзінше мастурбация жасаған оқиғасынан кейін, компанияның негізін қалаушы Арсен Томский шұғыл қауіпсіздік шараларын қолға алып, ішкі тәртіпті қатаңдатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Енді inDrive сервисі арқылы қатынайтын көлікте жүргізушінің жолаушыға қырындауы немесе танысуға талпынысы да "айрықша қауіпті оқиға" ретінде бағаланып, қарулы шабуылмен тең дәрежеде жазаланады. Томскийдің айтуынша, әйелдердің қауіпсіздігі енді оның жеке басым бағытына айналады. Осыған байланысты компания Қазақстандағы әйелдерге қатысты қысым мен дискриминацияға қарсы кең көлемді ақпараттық және GR-науқанға дайындықты бастады.

"Біз ережемізді түбегейлі қатаңдаттық. Тіпті жай ғана флирт жасау әрекеті енді өмірге қауіп төндірумен бірдей ауыр құқық бұзушылық деп саналады. Бұл екі қыздың әкесі ретінде өзімнің жеке басымның басымдығы", – деп жазды Томский Threads желісіндегі парақшасында.

Ол Қазақстанда әйелдерге қатысты қысым мен дискриминацияның әлі де көптеген салада кездесетінін атап өтті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астанада көлік жүргізушісі жолаушы қыз бен оның анасының көзінше мастурбация жасап, салдарынан 15 тәулікке қамауға алынған еді. Зардап шеккен қыз болған жағдайды видеоға түсіріп алып, полицияға жүгінген. Алайда полиция бөлімінде оған қызметкерлердің бірі қорлайтын пікір айтып, бұл жағдай оған қосымша психологиялық соққы болып тиген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар