Астанадағы мектептегі жанжал: ата-аналар директордың қызметтен кетуін талап етті

Көркем Алдабергенова 22 сәу. 2026 10:17

Астанадағы №36 мектепте оқушылар арасында болған төбелестен кейін ата-аналар білім ордасындағы ахуалдың күрт нашарлағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, мектеп әкімшілігі оқиғаға қатысты ашық әрі әділ тексеру жүргізудің орнына, жанжалға байланысты бейнежазбаларды жоюға тырысқан болуы мүмкін. Әсіресе жоғары сынып оқушыларының телефондарындағы видеоларды өшіруге әрекет жасалғаны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ата-аналар мұндай әрекеттер жағдайды ушықтырып, мектепке деген сенімді әлсіреткенін айтады.

Оқушылардың өздері де әкімшілік тарапынан қысым болғанын жеткізген. Олардың сөзінше, бұл мектептегі психологиялық ахуалға кері әсер етіп, қауіпсіздік сезімін төмендеткен.

«Біз, ата-аналар, қалыптасқан жағдайдан шаршадық. Мектеп директоры қауіпсіз әрі ашық білім беру ортасын қамтамасыз ете алмай отыр деп санаймыз. Сондықтан оны қызметінен босатуды талап етеміз», - делінген ата-аналардың үндеуінде.

Ал қалалық білім басқармасы төбелеске қатысқан оқушылар мектепішілік есепке алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, психологтар тартылған. Мектеп басшылығына тәртіптік жаза ретінде сөгіс берілген.

Сонымен қатар жанжалға қатысқан жасөспірімдердің ата-аналары да балаларын тәрбиелеу міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove