Астанада полицейлер рухани тәжірибелер өткізіп, Таро карталарымен бал ашып жүрген 54 жастағы әйелді ұстады. Алайда тінту барысында оның қызметі тек эзотерикамен шектелмегені белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әйелдің пәтерінен марихуана өсірілген шағын плантация табылған. Өсімдіктерді өсіру үшін ол жатын бөлмедегі кәдімгі шкафты арнайы жабдықтап, жарық шамдары мен қажетті құрылғылар орнатқан.
Тінту кезінде бірнеше түп өсімдік тәркіленді. Сондай-ақ медициналық сараптама нәтижесі пәтер иесінің тексеру сәтінде есірткілік масаң күйде болғанын көрсетті.
Оқиғаға байланысты тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары заңсыз есірткі өсіру фактісінің барлық мән-жайын анықтауда.