Астанада жазғы маусым басталысымен су айдындарында демалушылар саны артады. Осыған байланысты қала прокуратурасы мен Төтенше жағдайлар департаменті алдын алу жұмыстарын күшейтті, деп хабарлайды Dalanews.kz
Қажетті нормативтік құжаттар әзірленіп, бекітілді, Есіл өзенінде тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырылды, қауіпті аумақтарға ескерту белгілері орнатылды және білім беру мекемелерінде қауіпсіздік күшейтілді.
Қала аумағында шомылуға арналған 5 ресми орын белгіленген: Орталық жағажай, «Три пескаря» «Три пескаря» (Көктал-1), «Армина», «Столичный двор» (Күйгенжар) және Бейсекова көшесінде көпір маңындағы коммуналдық жағажай.
Рұқсат етілмеген жерлерде шомылуға қатаң тыйым салынған.
2023 жылы елорда су айдындарында 4 адам, оның ішінде бір жасөспірім қаза тапты. Қайғылы жағдайдың бәрі шомылуға тыйым салынған жерлерде әрі қауіпсіздік ережелерін сақтамаумен байланысты болған: жабдықталмаған орындарда шомылу, алкогольдік мас күйде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру.
ТЖД қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді: тек арнайы белгіленген және жабдықталған жерлерде шомылу, қалқымадан асып жүзбеу, балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйде суға түспеу.
Бұл ережелерді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Өткен жылы 1,5 миллион теңгеге 264 әкімшілік хаттама толтырылған.
Қаланың барлық ауданында прокуратура, ТЖД, полиция және әкімдік өкілдерінің қатысуымен рейдтер өтіп жатыр. Су айдындары, рұқсат етілмеген шомылу орындары, субұрқақтар және өзге де қауіпті аймақтар, әсіресе балалар жиі баратын орындар тексерілуде.
«Кәмелетке толмағандар үшін қауіп төндіретін жерлер ерекше бақылауда», – деді Астана қаласы прокурорының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға көмекшісі Айгерім Өмірзақова.
Дрон көмегімен шомылуға арналмаған жағалау аумақтары анықталып жатыр. Мысалы, Сарайшық ауданында қауіпті су қоймасы анықталып, сол жерде ескерту белгілері орнатылып, жауапты қызметтердің кезекшілігі ұйымдастырылды және мониторинг жүргізілуде.
«Астана қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының қызметкерлері Есіл өзені мен басқа да қауіпті аймақтарды тәулік бойы патрульдейді», – деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ренат Смағұлов.
Қазіргі таңда судағы оқыс оқиғалардың алдын алу, ереже бұзушыларды анықтау және тұрғындарды қауіпсіздік ережелерімен таныстыру мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.