Астанада құрылыс нысандарының бірінде ер адам биік кранның басына шығып, елді дүрліктірді. Оның бұл әрекетіне Астана әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлемжеліде тараған видеода ер адам Жоғарғы соттың шешіміне наразылығын білдірген.
Астана әкімдігінің хабарлауынша, кранға шығып алған “Ер-Тау” компаниясының басшысы М.Тасов деген азамат. Ол 2017 жылы “Шавгар” ТК құрылысшысы болып, 2017 жылы тұрғын үйдің іргетасы мен бірінші қабатын салған. Бірақ үлескерлер әлі күнге дейін өз пәтерлерін күтумен жүрген.
“Қала әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясының (ВАК) шешімі негізінде Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасы нысанды үлескерлерге беру туралы сотқа талап арыз берді. 20.10.2023 ж. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскелері бар құрылыс нысаны “Астана Сити 2023” үлескерлеріне берілді. 05.07.2024 ж. Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен жер учаскелері бар құрылыс нысаны “Астана Сити 2023” үлескерлері үшін қалдырылды”, - дейді әкімдіктен.
М.Тасов нысанды зардап шеккен үлескерлерге беру туралы бұл шешіммен келіспеген.
“Барлық қызмет орнында болды. Аудан, қалалық орта сапасы мен бақылау басқармасының өкілдері, заңгерлер түсініктеме берді. Алынған түсініктемелерден кейін М. Тасов мұнара кранынан кетті. Сондай-ақ, оның қатысуымен қосымша ВАК отырысы өткізіледі”, - дейді әкімдік.