Астанада қызылшаға байланысты қатаң шектеу енгізілді

Самал Асқар 03 ақп. 2026 14:48

Астанада қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына орай балалар стационарларына жоспарлы түрде жатқызу тек қызылшаға қарсы екпе салынған жағдайда ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл талап елорданың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаеваның 2026 жылғы 27 қаңтардағы санитариялық-эпидемиологиялық алдын алу шаралары туралы қаулысына сәйкес енгізілген. Құжатқа сай, жоспарлы госпитализация кезінде баланың қызылшаға қарсы вакцина алғанын немесе бұрын бұл аурумен ауырғанын растайтын құжат болуы тиіс.

Мұндай шешім стационар ішінде инфекцияның таралу қаупін азайту және әсіресе иммунитеті әлсіреген балаларды қорғау мақсатында қабылданған. Мамандардың айтуынша, қызылша ауа-тамшы жолымен оңай тарайтын, жабық ғимараттарда тез жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Аурухана жағдайында вирус жұқса, бұл созылмалы дерті бар немесе қорғаныш қабілеті төмен балалар үшін ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Санитариялық қызмет өкілдері енгізілген шектеу тек жоспарлы госпитализацияға қатысты екенін атап өтті. Шұғыл медициналық көмек пен жедел түрде ауруханаға жатқызу бұрынғыдай толық көлемде, баланың вакцинация мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove