Астанада жыл басынан бері қызылшаның 400-ге жуық дерегі тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қала әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, елордада әлемдегі ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі саналатын қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Биылғы жылдың басынан бері 384 бастапқы жағдай анықталған, оның 234-і зертханалық жолмен расталған.
Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – балалар. Расталған 234 жағдайдың 218-і немесе 93,2% 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Мамандардың айтуынша, негізгі қауіп тобы – вакцина алмағандар. Жалпы жағдайлардың шамамен 93,5%-ы екпесіз жүрген балалар арасында тіркелген. Оның ішінде 61,5% жағдайда ата-аналардың вакцинадан бас тартуы себеп болған.
Тағы 26,5% – вакцина салынатын жасқа әлі толмаған сәбилер. Дәрігерлер бұл топтың аса осал екенін атап өтеді, себебі олардың қорғанысы ұжымдық иммунитет деңгейіне тікелей байланысты.
Санитарлық дәрігерлердің дерегінше, ең көп ауырғандар – ұйымдастырылмаған балалар. Олар барлық жағдайдың 63%-ын құрайды. Балабақшаға баратындар – 14%, мектеп оқушылары – 7%, студенттер – 5%. Қалған 10% өзге санаттарға, оның ішінде екпе алмаған ересектер мен иммунитеті әлсіреген адамдарға тиесілі.
Мамандар қызылшаның әсіресе ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті екенін ескертеді. Ауру пневмония, отит, энцефалит, менингоэнцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Кейбір жағдайда жылдар өткен соң дамитын подострый склероздаушы панэнцефалитке ұласып, өлімге соқтыру қаупі де бар.
Дәрігерлер індеттің алдын алудың ең тиімді жолы – вакцина екенін тағы бір мәрте еске салады.
