Астанада Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өтті

Dalanews 28 мам. 2025 17:03

Астанада Қазақстан-Франция инвестициялық форумы өз жұмысын бастады. Ірі халықаралық жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов, Франция Республикасының Сыртқы сауда және шетелдегі француз азаматтары жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен іскер топтарының өкілдерінен құралған 300-ге жуық делегат қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Форум Қазақстан экономикасының маңызды салаларына — энергетика, агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, көлік инфрақұрылымы мен урбанистикаға — француз инвестицияларын тарту және серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

Бизнес-форумның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы Францияның Қазақстан үшін Еуропалық Одақ аясындағы басым серіктес екендігін атап өтті.

“Қазақстан – Францияның Орталық Азиядағы жетекші экономикалық әріптесі. Францияның бұл өңірмен жалпы сауда айналымының 80 пайызы біздің елге тиесілі. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 31 пайызға артып, рекордтық 5,5 млрд АҚШ долларына жетті. Бүгінде Франция Еуроодақ елдерінің ішінде Қазақстан экономикасына ең көп қаржы құйған үш ірі инвестордың қатарында. Елде 200-ден астам француз компаниясы жұмыс істейді, олардың жалпы инвестициясы 20 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл еліміздің экономикалық өсімі мен жаңғыруына үлкен серпін берді”, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр форум аясында жүзеге асып жатқан ірі қазақстандық-француз жобаларын да атап өтті. Мысалы, TotalEnergies компаниясы Оңтүстік Қазақстанда қуаты 1 гигаватт болатын ауқымды жел электр станциясын салып жатыр. Ал Alstom компаниясы теміржол көлігі саласында өндірісті жергіліктендіріп, инвестициялық келісімге қол қойды. Сонымен қатар, Air Liquide компаниясы Павлодар мұнай-химия зауытында сутегі өндіруге арналған ірі жобаны жүзеге асыруда. Жалпы алғанда, форум аясында 15 келісімге қол қойылды.

Өз кезегінде Франция Республикасының министрі Лоран Сен-Мартен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Францияға жасаған сапарынан кейін екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа стратегиялық деңгейге көтерілгенін айтты.

“Бүгін – Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар үшін маңызды күн. Біз инфрақұрылым, денсаулық сақтау, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мұнда жиналған француз компаниялары – өз саласында мол тәжірибесі бар, әлемдік деңгейде мойындалған, беделді бизнес өкілдері. Бұл – нағыз француз ноу-хауы. Бүгін біз стратегиялық серіктестігімізді нақты іспен бекемдедік. Мемлекеттік және жеке сектор өкілдері тікелей кездесіп, өзара түсіністікке қол жеткізді”, – деді Лоран Сен-Мартен.

Министр EDF – Францияның мемлекеттік энергетикалық корпорациясының төрағасы Бернар Фонтананың Астанаға арнайы келгенін де атап өтті. EDF – әлемдегі ең ірі атом электр станцияларын басқаратын оператор. Оның айтуынша, Франция ядролық энергетикада мол тәжірибе жинақтаған, бұл саладағы үздік тәжірибе бүгінде Қазақстанмен бөлісуге дайын.

Бұдан бөлек, EDF, Orano, Axens, Assystem, Schneider Electric сынды жетекші француз компанияларымен энергетика, атом және өнеркәсіптік жобаларда тығыз серіктестік орнатылуда. Сонымен қатар, стратегиялық маңызды шикізат бойынша арнайы жол картасы жасалып, Eramet және Imerys компанияларымен литий, титан және сирек кездесетін металлдар бойынша жобалар қарастырылып жатыр.

Авторы: Айгерім Қали


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар