Астанада Мекке мен Мәдина қалаларына қажылық сапар ұйымдастырамыз деп тұрғындарды алдаған екі адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, қала тұрғындары алдын ала сөз байласып, Instagram әлеуметтік желісінде Сауд Арабиясындағы қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына қажылық сапарларын ұйымдастыру жөнінде жарнама жариялаған.
Олардың уәдесіне сенген 37 азамат қажылыққа бару үшін жалпы сомасы 60 миллион теңге көлемінде қаражат тапсырған. Алайда күдіктілер өз міндеттемелерін орындамаған. Тергеу барысында алынған ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсағаны анықталды.
Сот үкімімен екі айыпталушының әрқайсысы төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот жәбірленушілердің келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап-арыздарын қанағаттандырды.