Астанадағы жеңіл рельсті көлік LRT толық жұмыс істеген алғашқы айда 2,1 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш Алматы метросынан сәл ғана төмен. Маусым айында Алматы метросын 2,4 миллион адам пайдаланған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дегенмен LRT жолаушыларды ұзақ қашыққа тасымалдаған. Data hub мәліметінше, соның нәтижесінде оның жолаушылар айналымы 46,5 миллион жолаушы-шақырымды құрады. Ал Алматы метросында бұл көрсеткіш 34,9 миллион жолаушы-шақырым болған.
Мұның басты себебі – Астанадағы LRT бағытының ұзындығы. Оның желісі 22,4 шақырым болса, Алматы метросының ұзындығы 13,4 шақырым ғана.
Айта кетейік, LRT әуежай мен жаңа теміржол вокзалы арасындағы бағытта 16 мамырдан бастап қатынай бастады. Сол уақыттан маусым айының соңына дейін жалпы 3,2 миллион жолаушы тасымалданған.
Осы бір жарым айда жолақыдан түскен табыс 503,1 миллион теңгені құрады.
Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылы республикалық бюджеттен LRT құрылысына 300 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалғаны хабарланған.