Астанада көлік саны көбейіп, жолдарға түсетін жүктеме артып келеді

Астанада көлік саны көбейіп, жолдарға түсетін жүктеме артып келеді
pixabay.com

Астанада 471 мың көлік тіркелген. Олардың саны жыл сайын 25–30 мыңға артып, қалаға күн сайын 150 мыңға жуық көлік кіріп-шығады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаладағы көлік ағынының өсуіне байланысты көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Бірыңғай оператор ретінде Жол қозғалысын басқару орталығы белгіленген. Ол тұрақ кеңістігін, көлік қозғалысын, бағдаршамдардың жұмысын, көліктерді эвакуациялауды және көліктік жоспарлауды үйлестіреді.

Көлік ағындарын басқару ITS интеллектуалдық көлік жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Қазір бағдаршамдардың 80 пайызы осы басқару жүйесіне қосылған.

Сонымен қатар Presight компаниясымен бірлесіп бейнебақылау инфрақұрылымы жаңартылған. Smart City жобасы аясында биыл жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 1200-ден астам кешен жұмыс істеп тұр.

Қаланың Ситуациялық орталығына 60 мыңнан астам бейнекамера біріктірілген. Автоматты түрде анықталатын құқық бұзушылық түрлерінің саны 4-тен 15-ке дейін артқан. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізінде бейнеаналитиканың 35 түрі енгізілген.

Көлік қозғалысын жеңілдету үшін бағдаршамдардың жұмыс режимдері түзетіліп, қозғалыс қарқынды учаскелерде солға бұрылуға шектеу қойылған. Оның орнына баламалы кері бұрылу орындары ұйымдастырылуда.

Қоғамдық көлікті дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір Астанада Bus Lane арнайы автобус жолақтарының ұзындығы 146 шақырымға жеткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан.

Соңғы бірнеше жылда автобус парктеріндегі жылжымалы құрам саны 60 пайызға көбейіп, 1200-ден 1900 автобусқа дейін жеткен.

Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесін автобус маршруттарымен және көліктік-логистикалық тораптармен интеграциялау жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай қоғамдық көлік пайдаланушыларының үлесін қазіргі 54 пайыздан 60 пайызға дейін арттыру көзделген.

Сонымен қатар қалада жаңа жол жобалары іске асырыла бастады. №38 көшені Ф. Оңғарсынова көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін ұзарту Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Қабанбай батыр даңғылы бойында екі деңгейлі жол салу жобасы әзірленіп жатыр. Ол көлік қозғалысын тоқтатпай ұйымдастырып, сол жағалаудағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтуды көздейді.

Сондай-ақ Хусейн бен Талал көшесін өзен арқылы өтетін көпірмен жалғастыру жоспарланған. Бұл жоба сол жағалау мен «Нұрлы жол» вокзалы ауданын байланыстыратын қосымша көлік бағытын қамтамасыз етеді.

Астанада жол-көлік желісін дамыту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр.