Астанада ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

Ақтоты Жапатова 10 шіл. 2025 17:25

Елордада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры ерекше балалар және олардың отбасыларына арналған оқу-оңалту орталығын ашты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия мүшелері Баян Тойкебаева, Наталья Семененко және т.б. қатысты.

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, орталықтың ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды.

Қонақтар ғимраттың ішін аралап, қос бөлімнің жұмысымен танысты. Орталықта балаларға және ересектерге арналған екі бөлім бар. Бірінде көбіне оңалтуға көңіл бөлінсе, бірінде оқуға назар аударылады. Аталған орталыққа қор қанатының астындағы ерекше балалар ғана емес, олардың бауырлары мен ата-аналары да келіп, тегін ем алып, курсқа қатысып, пайдалы іспен шұғылдана алады.

Мұнда ойын және сауықтыру жаттығулары, массаж жасалады. Сондай-ақ музыка, сурет көрмелері және тігін бөлмесі мен арнайы асхана да бар.

«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, бұл қорға қарасты екінші орталық. Алғашқысы Р.Қошқарбаев даңғылы бойында орналаса, бұл жолы Ы.Дүкенұлы көшесінде ашылды.

Айта кетейік, қорға қарасты 1092 отбасы, 2876 бала және 1180 ерекше бала бар. Аталған орталық демалыссыз жұмыс істейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар