Астанада ер адам сүйіктісіне берген 5 млн теңгені сот арқылы қайтарып алмақ болды

Қаракөз Амантай 28 сәу. 2025 12:51 185

Астанада ер адам сүйіктісіне берген 5 миллион теңгені қайтаруды талап етіп сотқа жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

28 сәуірде ауданаралық азаматтық сотта талапкердің жауапкермен интернет арқылы танысқанын және WhatsApp мессенджері арқылы хат алысқанын анықтады. Хат алмасу барысында жауапкер денсаулығына байланысты материалдық көмек сұраған, ал талапкер оның телефон нөміріне Kaspi қосымшасы арқылы ақша аударған.

Сот барысында тараптар арасында жеке (романтикалық) қарым-қатынастар болғаны анықталды, осыған байланысты талапкердің аударған ақшасын ерікті түрде көмек көрсету ретінде бергені белгілі болды. Алайда, қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің болғанын дәлелдейтін айғақтар ұсынылмады. Kaspi сервисі арқылы жүргізілген аударымдарда ақшаны қайтару немесе басқа міндеттемелер туралы шарттар болмаған.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты талапкердің талабын қанағаттандыруға негіз жоқ деп шешім шығарды. Азаматтық кодекстің 954-бабына сәйкес, қайырымдылық немесе материалдық көмек ретінде берілген ақша қайтарылуға жатпайды.

Талапкер сот шешіміне шағым түсіргенімен, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар