Астанада екі спорт мектебін біріктіруге қоғам өкілдері қарсы

Дінасыл Хамит 12 жел. 2025 09:43

Астанадағы №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тағдырына қатысты жаңа бастама қоғам назарын аударды. Аталған спорт мектебін №10 спорт мектебімен біріктіру мәселесі көтерілген. Екі түрлі бағытта балаларды даярлайтын мектепті қосуға көпшілік қарсылық танытуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

№2 мектепте білім алатын мұз айдынында жаттығатын 700-ге жуық спортшы - мәнерлеп сырғанаушылар, конькимен жүгірушілер, шорт-трек шеберлері және басқа да жеке спорт түрлерінің өкілдері №10 БЖСМ-мен ықтимал біріктіру мәселесіне байланысты белгісіздік жағдайында қалды. Ал №10 мектеп негізінен хоккей командасын даярлаумен айналысады.

Сарапшылардың пікірінше, екі түрлі бағыттағы спортты бір мекемеге шоғырландыру жеке спорт түрлерінің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені мәнерлеп сырғанау, коньки спорты немесе шорт-трек секілді бағыттар үздіксіз мұз дайындықтарын, нақты уақыт бөлінісін және мамандандырылған инфрақұрылымды талап етеді. Егер оқу орны хоккеймен ортақ графикке көшсе, жеке спорт түрлерінің өкілдері толыққанды жаттығу мүмкіндігінен айырылуы ықтимал.

Мұндай өзгерістер ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жаттығу жүйесіне, жас спортшылардың даму қарқынына және бапкерлер жұмысына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Спорт мектебінің дербес мәртебесін сақтау бастамасы осы себепті қоғам талқысына түсіп отыр.

Бұл жағдай ата-аналардың да алаңдаушылығын күшейтті. Олардың бірі өз ойын былай жеткізді:

“Менің қызым кәсіби түрде мәнерлеп сырғанауға қатысады және үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2024–2025 маусымында ол 7 алтын медаль жеңіп алды, ал 2025–2026 жылғы қазіргі маусымда халықаралық турнирде 1-орын иеленіп, елімізді және біздің туған спорт орталығымыз - №2 БЖСМ-ді абыроймен танытты”.

Қазір ата-аналар, жаттықтырушылар және спортшылар №2 БЖСМ-нің жеке спорт түрлерін дамыту орталығы ретінде сақталуы қажет екенін айтуда. Олардың пайымынша, бұл шешім балалардың спорттағы болашағына және елдің халықаралық аренадағы нәтижесіне ықпал етеді.

Мәселе бойынша ресми шешім әлі қабылданған жоқ. Қоғамаралық талқылау жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар