Астанада белгісіз біреулер 19 жастағы жігіт Медетті өлтіріп, жоғары қабаттан лақтырып жіберген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
TikTok-та "За Медета" атты парақша пайда болған. Парақшада марқұм жігіттің туыстары бұл жайтқа қатысты ақпараттарды салып отырады. 19 жастағы жігіттің анасы үндеу жасап, кінәлі адамдардың жазалануын талап етті.
Оның сөзінше, ұлын 4 жігіт өлтіріп кеткен.
"Төрт жігіт менің баламды өлітіріп, 9-қабаттан лақтырып жіберген. Заң қайда? Егер бұлай жалғаса берсе елімізде жастар қалмайды ғой. Менің төрт балам бар. Балам ішпейтін, шекпейтін, академияда оқитын. Мені ешкім тыңдағысы келмейді. Кінәлі адамдардың заң бойынша жазаланғанын қалаймын", - дейді Медеттің анасы.
Марқұм жігіттің Айнабек есімді досы ZTB тілшілеріне сұхбат беріп,Медет спортпен айналысқанын, ешқашан шегіп немесе ішімдік ішіп көрмегенін айтады.
"Ол достарымен кездесіп, арасындағы біреуінің үйінде отырған. Достары Медетке алкоголь ұсына бастаған, бірақ ол бас тартқан", - дейді Айнабек.
Айнабектің сөзінше, Медетті өлтіргендер ол бас тартқанына қарамастан оны әдейі мас қылған. Оның сөзінше, Медет бұған дейін ішімдік ішпегендіктен тез мас болып қалған көрінеді.
"Жарты сағаттан кейін мас болып қалған. Қалған төрт досы осыны пайдаланып, оның атына несие алып тастаған. Ақшаны алып, төртеуі оны балконға шығарып, Медетті жоғары қабаттан лақтырып жіберген", - дейді Айнабек.
Бұл дерекке қатысты Астананың полиция департаменті жауап берді. Астана полициясы 19 жастағы жасөспірімнің мәйіті табылған соң қылмыстық іс қозғады.
"Оқиғаға қатысушылар анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында тараптардың, оның ішінде марқұмның анасының барлық уәжі мен мәлімдемесі мұқият тексеріледі", – деп хабарлады полиция.
Бұл іс Астана полиция департаменті бастығының ерекше бақылауында.