Астанада балалар қауіпсіздігі талқыланды: ІІМ әлемдік рейтинг пен омбудсмен жұмысына қатысты пікір білдірді

Самал Асқар 17 ақп. 2026 14:13

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Брифингке Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов қатысты.

Dala News тілшісінің балаларға қатысты зорлық-зомбылық бойынша әлемдік рейтингтегі Қазақстанның орны туралы сауалына жауап берген спикер бұл мәселені бір ғана көрсеткішпен бағалау дұрыс емес екенін айтты.

Оның сөзінше, халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, әлем бойынша әрбір үшінші бала өмірінде кемінде бір рет зорлық-зомбылықтың қандай да бір түріне тап болады. Алайда елдер арасындағы статистиканы салыстыруда әдістемелік айырмашылықтар бар.

«Қазақстанды нақты бір әлемдік рейтингтегі орынмен бағалау қисынды емес. Себебі әр елде құқықтық анықтамалар мен есеп жүргізу тәсілдері әртүрлі. Соңғы жылдары бізде тіркеу жүйесі цифрландырылып, ашықтық артты. Бұл кей жағдайда статистиканың өсуі ретінде көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде жасырын құқық бұзушылықтарды анықтау деңгейі артқанын білдіреді», – деді Ғалым Сарғұлов.

Ол ІІМ тарапынан мектептер мен балабақшалар маңындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ювеналды полиция жұмысы жандандырылғанын, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық тетіктер қатаңдатылғанын атап өтті.

Сондай-ақ Dala News тілшісі балалар құқығын қорғайтын омбудсменнің жұмысына қатысты пікірін сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген спикер Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты балалардың құқықтарын қорғауда маңызды институт екенін айтты.

«Ішкі істер органдары уәкіл аппаратымен тұрақты түрде өзара іс-қимыл жасайды. Балаларға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту және алдын алу тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар бастамалар бірлесіп қаралуда», – деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, кез келген мемлекеттік және қоғамдық институт сияқты бұл бағыттағы жұмыс та тұрақты түрде жетілдіруді қажет етеді. Қоғам тарапынан айтылатын сын мен ұсыныстар қалыпты үдеріс ретінде қабылданады.

Брифинг қорытындысында балалардың қауіпсіздігі тек бір органның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove