Астанада бірге тұрған әйелін өлтірді деп айыпталған ер адамға қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ержан Иманқұлов өткен жылдың маусым айында 31 жастағы Сания Әлімжанованы оның 7 және 10 жастағы балаларының көзінше пышақтап өлтірген. Содан кейін ол 25-қабаттан секіріп, аман қалған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арна-ға сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, психиатрлар күдіктіні есі дұрыс емес деп таныған.
Алайда марқұмның туыстары бұл қорытындымен келіспейді. Қаза болған Санияның әпкесі Алуа Сайдалина күдіктінің жағдайына күмән келтіріп, оның кейбір жайттарды ғана “ұмытып қалғанын” алға тартады.
«Мені таңғалдыратыны - ол тек өзіне тиімсіз сәттерді ғана есіне түсірмейді. Нақты 19-шы күнді есіне алмайды. Бірақ ол тіпті қандай салмақпен туғанын, бұрынғы әйелін, өзінің ұялы телефон нөмірін анық біледі», - деді ол.
Сот барысында судья Айжан Күлбаева істі қайта психиатриялық сараптамаға жіберу туралы өтінішті қанағаттандырмады. Қазіргі уақытта сот процесі жалғасып жатыр.
