Астанада АИ-92 бензині қымбаттап кетті

Астанада АИ-92 бензині қымбаттап кетті
ашық дереккөз

Астанадағы бірнеше жанармай құю бекетінде АИ-92 бензинінің бөлшек саудадағы бағасы көтеріліп кетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

7 шілдедегі жағдай бойынша Helios, QazaqOil және Nomad жанармай құю бекеттерінде АИ-92 бензинінің бір литрі 245 теңгеден, ал Compass-та 244 теңгеден сатылып жатыр. Маусымның басымен салыстырғанда бензиннің бағасы литріне 2-6 теңгеге өскен.

АИ-95 бензинінің бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Көптеген жанармай құю бекетінде оның бір литрі 315 теңгеден сатылса, АИ-98 бензинінің бағасы 355-365 теңге аралығында. Дизель отыны да қымбаттап, бір ай ішінде литріне орта есеппен 2 теңгеге өсті.

Бағаның өсуі АИ-92 бензині мен жазғы дизель отыны құнын көтеруге қойылған мемлекеттік мораторий аяқталғаннан кейін байқалып отыр. Бұл шектеу наурыздың соңына дейін күшінде болды. Сәуірден бастап жанармай құю бекеттерінің операторлары бөлшек саудадағы бағаны өздері белгілеуге мүмкіндік алды.