Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифт ішінде бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімге қандай жаза қолданылатыны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астана қаласы Полиция департаментінің Нұра аудандық басқармасы Tengrinews.kz редакциясының ресми сұрауына жауап бере отырып, аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі («Денсаулыққа зиян келтіруге арнайы бейімделген затты қолданып, күш қолдану арқылы жасалған бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
Аталған баптың санкциясы бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
“Бұзақылық, егер ол қару немесе денсаулыққа зиян келтіруге арнайы бейімделген заттарды (атыс қаруы, газды қару, пышақ, кастет және басқа да суық қару түрлері) қолдану немесе қолдануға ұмтылу арқылы жасалса, сондай-ақ қылмыстық топтың қатысуымен орын алса, кінәлі тұлға бес жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі”, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Еске салайық, 11 ақпанда Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндірген оқиға орын алды. 14 жастағы жасөспірім Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті.