️Астана тұрғыны Threads желісінде әскерде зорланғанын айтып, жалған ақпарат таратқан

️Астана тұрғыны Threads желісінде әскерде зорланғанын айтып, жалған ақпарат таратқан
ІІМ

Елорда тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған. Биыл ақпанда ол анонимді түрде жариялаған жазбада әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін тексеріс жүргізілген, осылайша жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні анықталған. Сондай-ақ, сотталған адам ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ол ақша жинау үшін мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күн ішінде бұл шотқа 15-тен аса ақша аударымы түскен.

Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады. Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.