Семейден еліміздің ірі қалаларына қатынайтын тұрақты әуе рейстерінің саны артады. Биылғы 27 сәуірден «Семей-Астана-Семей» бағытында сыйымдылығы 48 орындық «Ан-24» ұшағы жолаушыларды тасымалдай бастайды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рейсті «Южное небо» әуе компаниясы жүзеге асырады. Семейден Астанаға ұшу уақыты – кешкі сағат 18:15, Астанадан Семейге ұшу уақыты – кешкі сағат 21:15.
Бұл туралы облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі халықаралық әуежайдың жұмысымен танысу барысында айтты.
– Жолаушылардың өтінішін ескере отырып Көлік министрлігі, әуе компаниясы және облыс әкімдігінің үш жақты келісімі нәтижесінде осындай уағдаластыққа қол жеткіздік. 10 мамырға дейін аптасына үш рейс орындалады. Ал мамырдың ортасынан бастап ұшу жиілігі аптасына 5 ретке дейін ұлғаяды. Әуе компаниясының құрылтайшылары болашақта жаз мезгілінде қатынайтын жаңа ұшақтарды желіге шығаратынын айтып отыр. Алдағы уақытта Қарағанды бағытында субсидияланатын жаңа әуе рейсін ашу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта Көлік министрлігімен келіссөз жүргізілуде, – деді аймақ басшысы.
Биылғы 1 мамырдан бастап «Алматы-Семей-Алматы» (аптасына үш рет), «Астана-Семей-Астана» (аптасына бір рет) бағыттарында қосымша рейс енгізіледі. Бұдан бөлек 1 маусымнан бастап «FlyArystan» әуе компаниясы «Шымкент – Семей – Шымкент» бағыты бойынша жаңа рейсті іске қоспақ.
Жолаушылар аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері қатынайтын болады. Сондай-ақ, осы күннен "Скат" әуе компаниясы "Алматы-Үржар-Алматы", "Астана-Үржар-Астана" рейстерін әрқайсысын аптасына 6 реттен орындай бастайды.
Қазіргі уақытта Семей қаласынан «Семей – Алматы», «Семей – Астана» және «Семей – Үржар» бағыттары бойынша тұрақты әуе рейстері орындалуда. Аталған рейстерді «FlyArystan» және «Южное небо» әуе компаниялары жүзеге асырып келеді.