Астана мен Алматыға ағылған жұрт: халық қайда жиі көшіп жатыр?

Dalanews 28 ақп. 2024 12:35 7918

 

Соңғы жылдары әлем көптеген ауқымды көші-қон процестерінің куәсі болып жатыр. Қазақстан Орталық Азиядағы ірі мемлекет ретінде бұл үрдістен тыс қалып жатқан жоқ. Әуелден көшпелі халқымыз ежелден ел ішінде де, оның сыртында да белсенді көшіп-қонып келеді. Ал қазіргі қазақстандықтар қайда көшіп жүр? Буынып-түйініп қайда кетіп жатыр? Қай аймақтарда көші-қон белсенділігі жоғары?

Қазақстандағы ішкі көші-қон қала халқының өсуі мен экономиканың дамуына байланысты белсенді түрде ілгерілеп келеді. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың шілде айындағы соңғы мәліметі бойынша, 116 008 қазақстандық ел ішінде тұрғылықты жерін ауыстырған. Оның ішінде қала халқы – 81 695 адам болса, ауыл халқы – 34 313 адам. Статистика бюросы бұл мәліметтерді азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркеу санын қадағалайтын Ішкі істер министрлігінен алады. Сондықтан ішкі көші-қон туралы нақты деректер ресми деректерден сәл өзгеше болуы мүмкін. Мұны да ескерген жөн.

Ел ішінде көші-қонның ең танымал бағыты – Астана қаласы, елордаға 20 560 Қазақстан тұрғыны көшіп барған. Бұл елордаға 11 745 қазақстандық қоныс аударған арғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық көп.

Бұл деректе екінші орында Алматы қаласы тұр. Оңтүстік астанамызға қоныс аударып 17 477 жаңа тұрғын барған.

9800 қазақстандық қоныс аударған Түркістан облысы көші-қон саны бойынша үшінші орында тұрақтайды. Өңірлердегі халықтың келіп-кетуіне қатысты жағдай дәл осылай көрініс табады. Алайда, жаңадан құрылған Ұлытау өңіріне қоныс аударғысы келетіндер саны тым аз болып тұр. Бұл - ішкі көші-қон көрсеткіші статистика бойынша мыңға жетпейтін жалғыз облыс. Барлығы - 745 адам.

Өткен жылдың шілде айында Қазақстанға алыс-жақын шет мемлекеттерден келгендердің саны 1708 адамды құрапты. Оның ішінде 1343 адам қала халқының, 365-і ауыл халқының санын толықтырды. Шетелдіктердің көпшілігі жаңа тұрғылықты жері ретінде Алматы қаласын таңдағаны байқалады, онда 447 адам қоныстанған. Ең аз көрсеткіш Қызылорда облысында: шілде айында облысқа шетелден ешкім келмеген, ал ағымдағы жылы бар болғаны 7 адам көшіп барған. Бұған аймақтың ауа райы да әсер етуі мүмкін.

Ресми деректерге сәйкес, еліміздің негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. 2022 жылы Қазақстанға көшіп келгендер саны 17 425 адамды құрады. Жаңадан келгендердің ең көп саны Өзбекстаннан – 6 631. Одан кейін Ресей – 5 891 адам, Қырғызстан – 709, Түркіменстан – 633. Қытай тізімді жабады, аспан асты елінен 416 адам көшіп келген.

Қазақстандықтар шет елдерге әртүрлі себептермен қоныс аударады. Олардың дені еңбек миграциясы, білім, отбасылық жағдай. 2022 жылғы соңғы мәліметтер бойынша эмигранттар қатары 24 147 адамды құраған.

Ресейдегі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, қазақстандықтардың басым бөлігі сол жаққа көшуді таңдағаны таң қалдырады. 19 383 адам теріскейге жол тартқан. Екінші орында 2518 адаммен Германия тұр. Алдыңғы үштікті 394 қазақстандық қоныс аударған Польша аяқтайды. Айтпақшы, АҚШ көрсеткіштері Польшадан сәл ғана ерекшеленеді. Америкалық арманға жету үшін 339 адам кеткен. Соңғы орынды Өзбекстан иеленеді, ол мемлекет өз кезегінде Қазақстанға көшіп келушілер саны бойынша көш бастап тұр – 266 адам.

Жалпы, урбанизация әлеуметтік саладағы қуатты жаһандық тенденция және Қазақстан осы тұрақты тенденциядан шет қалмақ емес. Жаһанданудың жазылмаған заңы сондай.

Ал Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Денис Черниенконың сөзінше, қазіргі уақытта урбанизация мәселелеріне ғылыми және сарапшылық қауымдастық тарапынан да, билік тарапынан да көбірек назар аударылуда.

«Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында бұл мәселеге қайта-қайта тоқталатыны бекер емес. Мәселен, 2019 жылы «басқарылатын урбанизация» ұғымын енгізу қажеттілігі жарияланды; 2020 жылы – урбанизация процесін басқаруға, «көші-қон толқындарының» кезең-кезеңін қамтамасыз етуге, ірі қалаларда толып кету мен әлеуметтік шиеленісті болдырмауға мүмкіндік беретін өңірлік дамудың жаңа тәсілін әзірлеу сөз болды және іске де асырылып жатыр. 2021 жылы миллионнан астам тұрғыны бар қалаларды Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің тірегіне, ал облыс орталықтарын өңірлік өсу нүктесіне айналдыру міндеті қойылды», - дейді Денис Черниенко.

Расында, соңғы жылдары өңірлік (аумақтық) саясат саласындағы заңнама белсенді түрде жетілдірілді. Жаңа «Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасында» урбанизация мемлекеттің тұрақты экономикалық дамуының және жалпы әлеуметтік-экономикалық сауықтырудың катализаторы және маңызды шарты екендігі атап өтілген. Ірі қалалар өздерінің инфрақұрылымы мен мүмкіндіктері молдығымен мигранттарға тартымды. Көші-қон қозғалысы нәтижесінде халық санының көп бағытты динамикасы және халықтың ел бойынша таралуының өзгеруі орын алады.

Қазіргі уақытта қала тұрғындарының қарқынды өсу тенденциясын байқаймыз. Жоғарыда айтқанымыздай, өткен жылдың шілде айындағы жағдай бойынша елдегі урбандалу деңгейі 61,9 пайызды құрады, ал болжамдар бойынша 2025 жылға қарай ол 63 пайызға жақындауы тиіс. Сонымен бірге ғалым бір-бірімен байланысты әлеуметтік-экономикалық проблемалардың тұтас кешенін атап өтті. Оның ішінде халықтың жалпы өсуі, еңбек нарығы, инфрақұрылымның дамуы, қызмет көрсету сапасы, тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігі және тағы басқалар бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар