Астана халықаралық әуежайында кеден қызметкерлері декларацияланбаған 223 дана iPhone 18 смартфоны мен 10 жұп AirPods құлаққабын анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, мұндай заңбұзушылықтың 10 фактісі тіркелген. Жолаушылар техниканы жүкке салып, декларацияланатын тауары жоқ адамдарға арналған «жасыл дәліз» арқылы өтуге әрекет жасаған. Олардың бірінің жүгінен бірден 50 смартфон табылған.
Қолданыстағы ережеге сай, бір адам жеке пайдалану үшін екі ұялы телефоннан артық алып кіре алмайды. Егер құрылғылар саны одан көп болса, оларды міндетті түрде декларациялап, кедендік рәсімдеуден өткізу қажет.
Тексеру барысында ұсталғандардың төртеуі жеке кәсіпкер екені анықталған. Ал тағы төрт азамат құрылғыларды жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ елге әкелмек болған.
Тәркіленген барлық смартфондар мен құлаққаптар уақытша сақтау қоймасына жіберілді. Қазіргі уақытта заңбұзушыларға қатысты әкімшілік жауапкершілік мәселесі қарастырылып жатыр.