Алдымен облыс әкімі Т.Рысқұлов және Байзақ аудандарында болып, ондағы масақты дәнді дақылдарды жинау, сондай-ақ жазғы дала жұмыстарының іске асу барысымен танысты.
Жұмыс сапары Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының тұқым шаруашылығындағы жоғары репродукциялы бидай алқабында басталды. Мұнда қазір 4 мың гектарға жуық жаздық бидай алқабына орақ түскен.
Өз кезегінде шаруа қожалық басшылары облыс әкімінен агрокешен жанынан ет өндіретін кәсіпорын құрылысына жер бөлу туралы өтінішін білдірді. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы бойынша салалық орынбасары мен басқарма басшысына жоғарыда көтерілген мәселені уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Жалпы, Т.Рысқұлов ауданында биыл 86 мыңға жуық гектар масақты дақыл орылады. Оның 36 мың гектары күздік бидай, 3 мың гектары жаздық бидай, және 47 мың гектары жаздық арпа болып табылады. Масақты дақылдың орағы аяқталғаннан кейін 17 мың гектарға жуық мақсары дақылы жиналады.
Күні бүгінге дейін ауданда 10 мың гектар егістік орылды. Ондағы орташа өнімділік 23-24 центнерді құрайды.
Келесі сәтте өңір басшысы Байзақ ауданындағы «Талап», «Яшар» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты. Жалпы, биыл облыста, дәнді дақылдардың өсу көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артқан. Ағымдағы жылы жамбылдық шаруалар 260 мың гектар алқапқа дәнді дақыл еккен. Бұл дақылдардың жоспарлы түсімі гектарына 23-25 центнерді құрайды.
Байзақ ауданы әкімдігінде өткен жиында облыс әкімдігінің басқарма басшылары өздері жетекшілік ететін салалардағы көрсеткіштер туралы баяндады. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен басқарма басшылары туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдарына тоқталды.
Мәселен, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова аудан дамуының былтырғы есепті мерзіммен салыстырғанда оң динамикасы сақталғанымен, облыс пен аудан әкімі арасында жасалған келісімге енген 37 индикатордың 21-і бойынша тоқталып, мониторинг қорытындысына сәйкес 4 индикаторға қол жеткізілмегенін атап өтті. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі –71,4 пайызға, өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі – 7,7 пайызға, мал шаруашылығы өнімінің көлемі 89,1 пайызға орындалған. Дегенмен, аудан әкімдігі облыс әкімдігінің басқармалары мен аудан және Тараз қаласы әкімдерінің арасында жасалған келісімдерге енгізілген 163 индикатордың 9-ын толық орындамаған. Жиын барысында ауданда малдәрігерлік пункттерінің санын көбейту, жерді тиімді игеру, ауылдық округтердегі тазалық мәселелері қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
– Қай өңірдің болсын өркендеуі үшін барлық салада межелеген көрсеткіштерге қол жеткізу маңызды. Әсіресе экономиканың алға жылжуына ең алдымен, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық саласы зор ықпал ететіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Байзақ ауданының өзге аудандармен салыстырғанда әлеуеті жоғары. Біз осыны ескеруіміз керек. Тек өткен жылмен салыстырғанда осынша пайызға өстік деп, бірлі-жарым өсімді алға тартпай, ауданның әлеуетін барынша пайдалана алсақ, үлкен жетістікке жетеміз. Бұл орайда құр сөзбен іс тынбасы анық. Сол үшін жыл басында аудан әкімдері мен ауылдық округ әкімдері арасында тиісті келісімге негізделген құжат қабылдану керектігін тапсырған болатынбыз. Ол құжатта бір жылда немесе жарты жылда қандай жұмыстар атқарылу керектігі, нақты қандай мәселелер шешілу қажет екендігі анық жазылғаны ләзім еді. Ал бұл сіздердің құжаттарыңызда көрініс таппаған, – деді Асқар Исабекұлы.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен дәл осындай форматта Жамбыл ауданында өткен жиында көптеген мәселелер көтеріліп, жан-жақты талқыланды. Жыл басынан бергі алты айда аудан экономикасының негізгі салаларында өсімге қол жеткізілген. Алайда облыс әкімі мен аудан әкімінің арасындағы келісімге енгізілген 37 индикатордың мониторинг жүргізілген 21-і бойынша бес меже орындалмаған.
Сондай-ақ облыс әкімдігінің басқармалар мен аудан арасындағы келісімдегі 163 индикатордың 16-сының межелеріне қол жеткізілмеген. Жамбыл ауданында да малдәрігерлік пункттердің тапшылығы, жерді игеру көлемінің төмендігі, шаруашылықтарға арналған құдықтарға субсидия бөлу мәселелері көтеріліп, оларды шешу жайы жан-жақты сөз болды. Сол секілді, көгілдір отын мен ауызсу тарту жайы да жамбылдықтар үшін күрмеуі қиын түйткілге айналған. Облыс әкімі жауаптыларды ауданның экономикалық-әлеуметтік әлеуетінің артуына кері әсерін тигізіп отырған мәселелердің шешімін табуға шақырды.
Асқар Мырзахметов Қордай ауданына жұмыс сапарында аудан активімен кездесіп, индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысын талқылады.
Қордай ауданының алты айдағы əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көңілге қонымды. Алайда өңір экономикасының драйвері саналатын ауыл шаруашылығы, кəсіпкерлік пен білім салаларында бірқатар кемшіліктерге жол берілген.
Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша бекітілген 30 индикатордың жетеуі орындалмаған. Қордайлық шаруалар қызылша мен майлы дақылдарды егуді құнттамай келгені белгілі болды. Сондай-ақ сүт бағытындағы шаруашылықтарының саны жыл санап еселене түскен өңір шаруалары өз өнімдерін осындағы жалғыз кəсіпорынға өткізеді. Оған қоса ауданның сүт өнімдеріне деген сұранысын Алматы мен Бішкек қалаларының кəсіпорындары арзан бағамен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, жергілікті өнімге деген сұраныс жоғалған.
Өз кезегінде облыс əкімі бұл мәселені реттеуді уақыт оздырмай қолға алып, нарыққа әуелі қордайлық кәсіпорындардың өнімін шығару жолдарын жан-жақты қарауды тапсырды. Әзірге жергілікті билік бұл бағыттағы шаруаны тиісті деңгейде үйлестіре алмауда. Сонымен бірге бес ай бұрын мемлекеттік мекемелерді орналастыру үшін бос ғимараттарды табу бойынша нақты тапсырма алған әкімдік әлі күнге талаптың үдесінен шығатын сыңай танытпай отыр.
Агросекторды қаржылай қолдау шараларында да қордаланған мәселе көп. Аудандағы егістікпен айналысатын 1500 шаруашылықтың небәрі 8-і ғана несие алуға өтініш берген. Сәйкесінше, бұл шаруаларға қаржылай қолдау шаралары жайында толыққанды ақпарат ұсынылмағандығын аңғартады.
Сондай-ақ жиын барысында бос жатқан жер телімдерін игеру, жаңа мектеп құрылысына жасалған жобалық-сметалық құжаттардың бағасын оңтайландыру жайы да сөз болды.
Ал Шу ауданында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен актив жиынында ауданның алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды
Өңірде экономикалық өсім бар десек те, мұнда 13 индикаторға қол жеткізілмеді. Жекелеген салаларда бірқатар мәселелерде де бар. Атап айтар болсақ, аграрлы аймақта ауыл шаруашылығы саласында түйткіл көп. Мұнда межелі 30 индикатордың 7-еуіне қол жеткізілмеген. Бүгінде ауданда 4471 гектар егістік жер пайдаланусыз жатыр. Оның 1200 гектары суармалы алқапқа жатады. Сол секілді, шулық шаруалар тыңайтқыш алуда да белсенділік танытпаған. Бұл бағытта жоспар толық орындалған. Алайда межелі жоспар көлемінің аздығы өңір басшысының күмәнін туғызды.
– Ауданда 2700-дей шаруа қожалығы бар. Ал тыңайтқышқа деген сұраныс бар-жоғы 1300 тонна. Бұл қисынсыз ғой. Ауданның әлеуеті жоғары, сұраныс та, жоспар да соған сай болуы керек. Болмашы жоспар қойып алып, асыра орындадық деу кімге керек? Бағасы қымбат дейтіндей сатулы емес, тегін тыңайтқышты алып кеп, топырақ құнарлылығын арттырып, мол өнім алуға неге ынталы емессіздер? Бұған аудан, ауылдық округ басшылары атсалысу керек еді, – деді облыс әкімі.
Қант қызылшасын егу жоспарланған 2000 гектардың небәрі 600 гектарына ғана тәтті түбір тұқымы себілген. Су қоймаларының жағдайы мәз емес.
Аудан активімен болған кездесуден агросаладан өзге де салалардағы келеңсіздіктер жан-жақты талқыға түсті. Атап айтқанда, ауылдық округтерді қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған полигондармен қамтамасыз ету, су шаруашылығы жүйелерін тазалау, электр энергиясының тапшылығы ауыз су, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері көтеріліп, оларды шешу жайы сөз болды.
Аймақтағы әлеуметтік саладағы кадр тапшылығы оқушылардың қашық жерден қатынап оқуы, кейбір ауыл әкімдерінің өз орындарынан табылмайтындығы, санитарлық тазалық, жергілікті полицияның жүйесіз қызметі секілді мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Сәйкесінше, аудан әкімі өңір басшысынан жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жою туралы нақты тапсырма алды.