Еске сала кетейік, 10 мамырда Риддерде орман өрті өршіп, қатты желдің салдарынан өрт жақын маңдағы үйлерге тарады. Өрт аумағы 298 гектарды құрады. Оның 283 гектары – орман аумағы. Өрт 59 тұрғын үй орналасқан бес көшені қамтыды, 31 үй толығымен өртеніп кетті. Бір мезетте 80 адам үйсіз қалды. Өрт салдарынан бір адам қаза тауып, екі адам күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр. Айтарлықтай материалдық шығын келтірілді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен Лесхоз тұрғындарына көмек көрсетуді және оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. Нәтижесінде зардап шеккендердің бір бөлігі «Қазмырыш» ЖШС қонақ үйіне, екінші бөлігі туыстарына орналастырылды. «Қазмырыш» профилакторийіне көшірілгендер құрылыстың соңына дейін тегін тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, кәсіпорын банк карталарын ресімдегеннен кейін әрбір отбасына 1 миллион теңгеден аударады.
Аймақ басшысы өрт сөндірушілердің қалыпты өмірге тез оралуы үшін жедел шара қабылдады. 11 мамырда арнайы комиссия тұрғындардың материалдық шығынын анықтауға кірісті.
Облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындармен кездесу барысында жойылған үйлер қалпына келтірілмейтінін хабарлады. Барлық зардап шеккендер қала орталығына жақын орналасқан «Ботаника» жаңа шағын ауданында су құбыры мен үй жанындағы учаскесі бар 80 шаршы метр тұрғын үйге тегін ие болады.
Тұрғын үй құрылысына бес компания кірісіп, 120-дан астам жұмысшы мен 28 техника жұмылдырылды. Кәсіпорындардың әрқайсысы 6-7 үй салады. Құрылыс басталып, үйлердің іргетасы мен қабырғалары салынды. Үйлердің жобалары барлық нормалар мен МемСТ-тарды ескере отырып дайындалды. «Востоквзрывпром» ЖШС күрделі құрылыс жөніндегі директоры Валерий Проскуриннің айтуынша, үйлердің іргетасы фундаменттік тұтас блоктардан жасалған. Бұл бетонның ерекше беріктігі мен ұсталуын, сондай-ақ, монтаждаудың жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Үйлердің қабырғалары газоблоктан тұрғызылатын болады. Валерий Проскурин атап өткендей, ол Еуропа мен Америкада тұрғын үй салу үшін бір жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Құрылысшылардың таңдауы дәл осы материалға ағашпен салыстырылатын жылу өткізгіштігінің төмен болуына байланысты түсті.
Сондай-ақ, жаңа ауданның инфрақұрылымдық жобаларының сметалары дайындалды. Атап айтқанда жол төсемін жөндеу, электрмен жабдықтау, орталық сумен жабдықтау, аумақты абаттандыру.
Асқар Мамин зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылыс барысын тексеріп, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкімі тамыз айының соңына дейін өрттен зардап шеккендерді үймен қамтамасыз етуге уәде берді. Құрылысшылар барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтайтынына сенімді.