Сенат депутаттары әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге, қорғаныс пен әскери қызмет саласын жаңғыртуға бағытталған заңды мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасын депутаттарға сенатор Әлішер Сәтвалдиев таныстырды.
Оның айтуынша, құжатпен «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының бітімгерлік қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
«Түзетулермен шетелдегі әскери өкіл аппаратының құқықтық мәртебесі, оны қаржыландыру тәртібі және осы аппаратта қызмет ететін әскери қызметшілер лауазымдарын дипломатиялық қызмет қызметкерлеріне теңестіру көзделеді. Сондай-ақ арнайы мемлекеттік органның әскери қызметшілерін қоспағанда, әскери қызметшілерді жоғары лауазымдарға іріктеу үшін цифрлық рейтинг енгізу қарастырылады», – деді ол.
Сенат мәліметінше, заң әскери қызметшілердің әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған бірқатар нормаларды да қамтиды.
Атап айтқанда, Қарулы Күштер мен Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысқаны, терроризмге қарсы операцияларға жұмылдырылғаны және төтенше жағдай режимін қамтамасыз еткені үшін үш есе мөлшерде ақшалай қамсыздандыру төлеу қарастырылған.
Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған немесе оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жағдайда командирдің қарамағында болатын, бірақ әскери лауазым атқармайтын әскери қызметшіге ең төменгі жалақы мөлшерінде төлем жасау нормасы енгізіледі.
«Әскери қызметтен босату туралы шешімге шағымдану үшін талап қою мерзімі белгіленеді. Әскери қызметшіге төтенше немесе соғыс жағдайын қоспағанда, 25 және одан да көп жыл еңбек сіңірген жағдайда өз еркімен әскери қызметтен босау мүмкіндігі беріледі. Шақыру бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген офицердің үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста болған кезеңі қызмет өтіліне есептеледі», – делінген Сенат комитетінің қорытындысында.
Заң жобасын талқылау барысында сенатор Андрей Лукин әскери қызметтің ерекшелігіне тоқталды.
Оның айтуынша, әскери қызметтің ерекше сипаты, жоғары жауапкершілік пен өмір мен денсаулыққа төнетін қауіп мемлекет тарапынан лайықты қолдауды талап етеді.
«Заңда көзделген әскери қызметшілерді әлеуметтік және құқықтық қорғаудың қосымша тетіктері дер кезінде қабылданған әрі әділ шешім деп санаймын. Осы заңды қолдау қажет», – деді сенатор.
Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.