Ашық диалог: Шығыс Қазақстан басшылығы тұрғындармен кездесті

Қаракөз Амантай 22 жел. 2025 15:26

Облыс орталығында Шығыс Қазақстан облысы мен Өскемен қаласының әкімдері өңір тұрғындарымен ашық форматта кездесу өткізді. Маңызды жиын қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында қала мен облыстың дамуына қатысты негізгі нәтижелер қорытындыланып, алдағы жылдарға арналған стратегиялық басымдықтар айқындалды. Атқарушы билік өкілдері өз жұмыстарының Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларына сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ел дамуының жеті негізгі бағыты белгіленіп, соның ішінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу экономиканы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың маңызды тетігі ретінде қарастырылуда. Алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекет қалыптастыру міндеті тұр.

Жыл қорытындылары ШҚО-ның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің біртіндеп нығайып келе жатқанын көрсетеді. Он бір айдың нәтижесінде өңірде оң серпін сақталып, жұмыссыздық деңгейі 4,6% көлемінде тұрақтады. Шамамен 25 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталды. Орташа айлық жалақының 9,5% өсуі халықтың тұрмыс сапасының арта түскенін аңғартады.

Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының берік тірегі болып қала береді. Бүгінде ол жалпы өңірлік өнімнің шамамен 40% қамтамасыз етіп отыр. Алға қойылған стратегиялық мақсат — 2029 жылға қарай экономикалық өсімді екі есеге жеткізу. Бұл жолда өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, машина жасау саласын ілгерілету, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту басты басымдықтар ретінде белгіленді.

Кездесуде өңір экономикасының келешегі зор бағыттарының бірі — туризмді дамыту мәселесіне де айрықша назар аударылды.

– Туризм — бұл ең алдымен сапалы инфрақұрылым. Жол, байланыс, қауіпсіздік пен қызмет көрсету мәдениеті қатар дамығанда ғана туризм өңірдің қуатты драйверіне айналады. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді, – деп атап өтті ШҚО-ның әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Сондай-ақ Өскемен қаласының алдағы даму жоспарлары таныстырылды. Облыстың барлық аумақтары бойынша бес жылдық экономикалық өсім жоспарлары бекітіліп, өңірде жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны 2,8 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 2,3 трлн теңге жеке инвестицияларға тиесілі болса, 522,4 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен қарастырылған.

Өскемен қаласын 2029 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қала бюджетіне 193,6 млрд теңге бөлініп, жеке инвестициялар көлемі 744,4 млрд теңге деңгейінде жоспарлануда. Қалалар мен аудандар әкімдерімен жобаларды сапалы әрі уақытында іске асыруды көздейтін KPI-меморандумдарға қол қойылды.

Облыс орталығы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігін құрап отыр: қала үлесіне облыс бойынша өндірістің 78,7% тиесілі, ал өңдеуші сектордың үлесі 95% асады. Сонымен қатар, қала құраушы кәсіпорындар көрсеткіштерінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемінің 5,6% қысқаруы тіркелді. Осыған орай өндірістік қуаттарды тұрақтандыруға бағытталған нақты шаралар қабылданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар