"Артында бес баласы қалды". Ақтауда көпбалалы әке үш адамды құтқарамын деп қаза тапты

Сағыныш Сардарова 31 шіл. 2025 09:40

Ақтауда көпбалалы әке үш адамды құтқарамын деп қаза тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Маңғыстау облысындағы демалыс базаларының бірінде қайғылы оқиға болды: Құрық ауылының 39 жастағы тұрғыны Ерлан Шонтабаев үш адамды құтқарып, өзі суға батып кетті.

Куәгерлердің айтуынша, Ерлан достарымен бірге демалып жатқан. Жақын маңда екі қыз және екі жігіт те теңіз жағасында уақыт өткізіп отырған. Солардың үшеуі суға түсіп, біраз уақыттан кейін бата бастаған. Қалған бір жігіт көмек сұрап айқайлаған.

Жағдайды байқаған Ерлан еш ойланбастан суға секіріп, көмекке ұмтылған. Қыздар өз күшімен жағаға шыққан. Ал куәгерлердің сөзіне қарағанда, Ерлан суға батып бара жатқан жігітті құтқаруға тырысқанда, ол үрейленіп, Ерланның аяғынан ұстап қалған. Осылайша екеуі де суға кеткен.

Қайтыс болған азаматтың артында жұбайы мен бес баласы қалды. Ең кенжесі – небәрі үш айлық.

Құтқарушылар Ерланның денесін жағадан шамамен 10 метр жерден тапқан. Ал 2001 жылы туған екінші адамның денесі 1,5 метр тереңдікте анықталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар