"АрселорМитталдың" бұрынғы қызметкері соттасып жүріп компаниядан үш көлік өндіріп алған

Dalanews 17 қаң. 2024 11:14 887

Жұмыс барысында жарақат алған "АрселорМиттал Теміртаудың" бұрынғы қызметкері компанияны сотқа беріп, үш автокөлік өндіріп алған, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

72 жастағы металлург Виктор Курин бірнеше уақыт бойы компаниямен соттасып, бұрынғы жұмыс берушісінен автокөлік беруді талап еткен. 2004 жылы ер адам жұмыс кезінде жарақат алып, үшінші топтағы мүгедек болып қалған. Курин Азаматтық кодексте кәсіпорын оған арнайы автокөлік беруге міндетті екені жазылған бапты тауып алған. Нәтижесінде ер адам компаниядан алғашқы көлігін 2006 жылы алған. Ал сегіз жылдан кейін компанияның бұрынғы қызметкері қайтадан басқа көлік сатып алуды талап еткен.

2014 жылы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысына сәйкес және автокөліктің қызмет ету мерзімінің аяқталғанын ескере отырып, Куриннің жазбаша өтініші бойынша автоматты беріліс қорабы бар жаңа Lada Granta көлігі сатып алынған.

Ал тоғыз жылдан кейін Курин АМТ-ден қайтадан көлік талап еткен. Компания бас тартқаннан кейін ер адам сотқа жүгінген. Оның сөзінше, ескі көлік жарамсыз болып қалған, ал жөндеу жұмыстарына көп қаражат қажет болған.

"2014 жылы  сатып алынған Lada Granta автокөлігінің жарамдылық мерзімі 8 жыл немесе 120 000 шақырым жүріс. Автокөлік – қауіпті құралдардың бірі. Дайындаушы зауыт белгілеген қызмет мерзімінен асса оны пайдалану қауіпті болуына байланысты жауапкерге жаңа көлік сатып алуды міндеттеуді сұраймын", - делінген құжатта.

Алайда компания заңгерлері бірінші инстанциядағы сотта кәсіпорын бұрынғы қызметкерге жаңа автокөлік сатып алуға міндетті емес екенін дәлелдеген.

Экс-қызметкер мұнымен тоқтап қалмаған. Ол бірінші инстанция шешіміне Жоғарғы сотқа барып қайтадан арыз жазған.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов мүгедектігі бар адамның талап-арызын толық көлемде қанағаттандыру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Жұмыс беруші бұрынғы қызметкерге қызмет ету мерзімін өтеген ескі машинаның орнына жаңа көлік сатып алуы міндеттелді.

Сот процестері кезінде АМТ адвокаттары бұған дейін берілген көліктерді бұрынғы жұмысшы сатып жібергенін айтқан. Бірақ судья бұл ақпараттың негізсіз екенін айтқан, себебі компания бұған дейін бұл туралы мәлімдемеген.

Сурет: Егемен Қазақстан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар