Арқалықтың су құбырын қайта жаңғырту және “Арқалық ЖЭО-ның №2 турбоагрегатын 2,5 МВт қуатымен алмастыру” жобаларында қаржы былығы анықталғанына қарамастан, сот қылмыстық істі тоқтатты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2022 жылдың тамызында аталған іс бойынша қоғам белсенділері дабыл қаға бастады. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Асет Байлин бұл жобаларға бөлінген қаражаттың заңдылығын тексеруді сұрап, мемлекеттік аудит департаментіне жүгінген.
Аудит барысында Бюджет кодексінің бірнеше бабының өрескел бұзылғаны анықталды. Осыдан соң аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қостанай облысы прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы тергеуді қолға алды.
2024 жылдың желтоқсанында Арқалық қаласының бұрынғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, қазіргі таңда “УКСтрой” ЖШС жобасының жетекшісі Талғат Жексембин сот алдында жауап берді. Оған “салғырттық” бабы бойынша айып тағылды.
Алайда Жексембин жасаған әрекет “жеңіл қылмыс” санатына жататын болғандықтан, қылмыс жасалған күннен бастап сотқа дейінгі аралықта екі жылдан астам уақыт өтіп кеткен. Осы себеппен сот істі тоқтату туралы шешім қабылдады.
“Қазіргі таңда келтірілген нақты шығын көлемі 557 967 900 теңгені құрайды. Бұл қаражат бюджетке әлі күнге дейін қайтарылған жоқ, талап-арыздар бойынша сот процестері жалғасуда. Сарапшылардың қорытындысы бойынша жаңа жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр дегенімен, қала тұрғындарының айтуынша, орталықтың жұмысы тұрақты болмаған. Қыс маусымы кезінде мазут жағылған, ал бұл қалада жиі жарылыстарға ұқсас қатты дыбыстардың шығуына себеп болды”, — дейді Асет Байлин.
Көп томнан тұратын шарттар, заңбұзушылықтар тізімі, құқық қорғау органдары арасындағы хат алмасулар, прокурорлар мен антикоррупциялық қызметкерлердің айлап жүргізген жұмысы — бәрі ақыры далаға кеткен тәрізді.