Соңғы жылдары осы бағытта көптеген шаруалар қолға алынып жатыр. Бүгінгі таңда Арыстанбаб және Отырартөбенің айналасын абаттандыру жұмыстары басталды.
Бүгін ауданымызға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы ат басын бұрды. Министрдің өлкемізге келу мақсаты Президентіміздің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Отырар қалажұрты маңынан салынғалы жатқан «Отырар қалажұртының сапар-орталығына» «аманат хат» капсуласын салу рәсіміне қатысу болды. Салтанатты жиында сөз алған министр:
– Біздің мақсатымыз Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындап, тарихымыз бен мәдениетімізді әлемге паш ету. Бүгінгі шарамыз Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи өлкені шетелдіктерге танытудың басы болмақ, – деді.
Аудан әкімі Ерлан Айтаханов Арыстанбаб пен Отырартөбені жалғап тұрған 17 гектар жерде салынатын нысандардың жобаларымен таныстырып шықты. Мұнда сапар орталығынан бөлек әртүрлі нысандар бой көтермек. Этно орталық, жоғары дәрежелі 60 орындық қонақ үй, сквер сынды нысандар бой көтеретін болады.
Бұл нысандардың құрылысына бюджет қаржысымен қатар жеке инвесторлар да тартылмақ. Осы нысандар пайдалануға берілгенде туристердің Отырар тарихымен толық танысуына мүмкіндіктері болады.
Мұнан соң министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырартөбедегі қазба жұмыстарымен танысып, қайта жаңғырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап шықты. Атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген министр жергілікті және «Ұлы Дала Еліне саяхат» экспедициясының журналистеріне арнап сұхбат берді.