Арыста көктем басталғалы бері шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл бұл шаралар наурыз айынан басталып, жоспарға сәйкес шілде айына дейін жалғасатын болады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Арыс қаласына қарасты елді мекендер үш секторға бөлініп, әрқайсысында нақты жоспар негізінде жұмыстар ұйымдастырылған. Атап айтқанда, №7 секторға Байтоғай, Қожатоғай, Шөгірлі, Ақын-Жақып елді мекендері, №8 секторға Байырқұм, Көкжиде, Жиделі, ал №9 секторға Аққала мен Жосалы елді мекендері кіреді.
Бүгінгі таңда ғылыми топтың қорытындысына (нұсқамаға) сүйене отырып, дезинсекция жұмыстары екі түрлі әдіспен жүргізілуде. Дернәсілдермен күресу үшін су қоймаларына биологиялық препараттар жіберу әдісі қолданылса, шіркейлердің шоғырлану қаупі жоғары аймақтар — су қорғау аумақтары, жағалаудағы ағаштардың бұталары, елді мекендер мен оған жақын орналасқан 10-15 шақырым жерлер химиялық әдіспен залалсыздандырылуда.
Әр секторда арнайы техника мен білікті мамандар жұмылдырылған. Нақтырақ айтсақ, 2 дана дезинсекциялық техника, 5 дезинфектор маманы және 1 ғылыми сүйемелдеуші маман тұрақты түрде жұмыс жүргізуде.
Аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы үшін күнделікті бақылау мен қадағалау да ұйымдастырылған. Бұл жұмыстарды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Арыс қаласы әкімдігі және ауылдық округтердің жауапты мамандары жіті қадағалауда ұстап отыр.
Шіркейге қарсы атқарылып жатқан бұл кешенді шаралар тұрғындардың денсаулығын қорғауға, жайлы өмір сүруіне және санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған.