Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатуға тыйым салуды ұсынды

Көркем Алдабергенова 18 жел. 2024 11:16 235

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Түркістанда арақ сатпау туралы ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп. 

Депутат Түркістан қаласы әкімдігіне сауал жолдады.

"Осы заң аясында Түркістан - рухани астанамыз, Түркістан - арақсыз қала деп Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп, ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ?! Өйткені рухани астана деп отырмыз, бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек. Ол жерде бабаларымыз, әулие, батыр, билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде азаматтарымыз арақ ішіп, алдынан шығатын болса, ұят қой. Осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп араққа тыйым салуға бола ма?" - деді Назаров.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев депутаттың сауалына жауап берді.

"Түркістан облысында ішімдіксіз ауыл деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша отыздан аса ауыл қосылып отыр. Бұл бастама бойынша Түркістан қаласында да жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, қоғамның түрлі белсенді өкілдерімен арнайы талқылаулар өткізілген. Түркістан негізгі басымдық бағытында рухани-мәдени бағытпен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де бекітіліп отыр. Соған сәйкес бизнес қауымдастықтың өкілдері тарапынан осы мәселеге түрлі көзқарас туындады. Бұл мәселе орынды. Алдағы уақытта заң нормалары аясында қарастыру қажет деп санаймыз", - деді ол.

Келесі жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын аяқтап, бірінші оқылымға ұсынуға дайын.

Бұл құжат Түркістанды Қазақстанның рухани-мәдени, тарихи және туристік орталығы ретінде дамытуға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар