Ардагерлер кеңесінің белсенділері патриоттық бағыттағы ұрпақ тәрбиесі туралы айтты

Жарбол Кентұлы 13 қаз. 2024 10:34 1820

Сайрам ауданында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі саналатын  ұрпақ тәрбиесіне қатысты семинар-кездесу ұйымдастырылды. «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында өткен іс-шара облыстық Ардагерлер кеңесінің ұйытқы болуымен аудан, қалаларда жүйелі қолға алынған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алқалы басқосуға Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші  орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілес Айтжан және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудандағы мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркістан облысында патриоттық тәрбиенің маңызы зор. Бұл аймақтың тарихи және мәдени ерекшеліктері жастарға ұлтжандылық пен туған жерге деген сүйіспеншілікті ұялатуда ерекше рөл атқарады. Түркістан облысы – қазақ халқының рухани орталығы және тарихи мұраға бай өлке. Сол себепті мұндағы патриоттық тәрбие бағдарламалары жастардың ұлттық құндылықтарға құрметін арттыруға бағытталған.

Семинар-кездесу барысында облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков ұрпақ тәрбиесі және бұл бағытта Ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары жайлы жан-жақты баяндама жасады.

– Түркістан облысында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Отырар қалашығы, Сауран қаласы сияқты көптеген тарихи және мәдени нысандар бар. Бұл орындарға саяхат жасау арқылы жастар ел тарихы мен мәдениетін өз көзімен көріп, таныса алады. Мұндай экскурсиялар тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар жастардың ұлтқа деген мақтанышын оятып, патриоттық сезімдерін нығайтады.

Бұдан басқа әр жыл сайын облыс көлемінде Наурыз мейрамы, Тәуелсіздік күні, Республикалық Абай күні сияқты ұлттық мерекелер аталып өтіледі. Бұл мерекелерде жастарға арналған концерттер, спорттық жарыстар, тарихи көрмелер өткізіледі. Мұндай іс-шаралар жастардың ұлттық құндылықтарды тануына және патриоттық сезімін арттыруға мүмкіндік береді,  – деді Әбдішүкір Сапарбеков.  

Соңғы уақыттары Түркістан облысында қолөнер мен ұлттық өнерді дамытуға үлкен мән беріледі. Мұнда жастар қазақтың дәстүрлі өнері мен қолөнерін үйреніп, ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырады. Қолөнер үйірмелері жастарға өз шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, ата-бабаларының рухани мұрасын сақтауға мүмкіндік береді.

Өңірде патриоттық тәрбие арқылы жастардың отансүйгіштік рухын нығайтуға, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Осы бағдарламалардың нәтижесінде жастардың туған еліне деген құрметі артып, елге қызмет етуге деген ұмтылысы күшейеді. Сонымен қатар, патриоттық тәрбие жастардың өзара ынтымақтастыққа бейімділігін арттырып, ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға үлес қосады.

Түркістан облысындағы патриоттық тәрбие жұмыстары тек қана жастардың рухани дамуына емес, жалпы қоғамның тұрақтылығына да оң ықпалын тигізеді. Сондықтан бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру жұмыстары жалғаса береді.

Арадагерлер қауымы жиналған жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін ақыл-кеңестер айтты. Өз кезегінде аудан зиялылары да жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерге тоқталды.  Жиналған көпшілік «осындай маңызды мәселе төңірегінде қоғам болып атсалысып, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуіміз керек» деп тарасты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар