Арамызда әлі күнге дейін Кеңес үкіметін аңсайтындар бар

Dalanews 12 жел. 2016 15:48 798

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды «Тілші».

– Егемендігімізге 25 жыл болды ғой. Бірақ, өкінішке орай, әлі де болса арамызда баяғы совет үкіметін аңсайтындар бар. Енді сол совет үкіметінде өмір сүрген адамдардың бірімін ғой. Шынымен де, құдайдың кәмпитін бала кезімізде шешеміз тығып қойып, біздерге бермейтін. Өйткені кәмпит жоқ, тапшы болатын. Анамыз «ертең қонақ келеді, дастарханға қоямыз» деп, алып қоятын, – деп еске алды балалық шағын облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев ұялы телефондар туралы алғаш білген кезі туралы да айтып берді.

«Бұрын шетелге шыққанда таңқалатынбыз. Әрбір көлік жүргізушісіне дейін ұялы телефон ұстап алған. Қазір бәрінің қолында мұндай телефон бар», – деп жалғастырды сөзін өңір басшысы.

Оның пайымынша, әрбір қазақстандық ең алдымен өзінің ұлтының, мемлекетінің патриоты болуы керек.

– Егер жоқ деп отыра берсең, ешкім саған әкеліп бермейді. Бүгінде «Туған елге тағзым» деген акция өткізіп келеміз. Ондағы мақсатымыз кейбір ауылда тұрып, сол жерде білім алып, тәрбие алып, соның барлығын ұмытып кеткен адамдарды қайтару, есіне салу. «Ей, ағайындар, сендер кімнің арқасында, қай жердің арқасында осындай бастық болдыңыздар, кәсіпкер болдыңыздар деп, олардың естеріне салып отыру керек, – дейді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында кәсіпкерлер туған өлкелеріне мектеп, балабақша, жол, т.б. салып беріп жатыр. Сонымен бірге, материалдық тұрғыда көмек көрсетеді.

 

Бекбол Құлдан,

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар