Ақтөбелік ер адам 12 келі есірткіні жалдамалы пәтерде сақтаған

Көркем Алдабергенова 19 жел. 2025 15:47

Ақтөбеде полиция қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтаған 35 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күдіктінің автокөлігін тексеру барысында жедел уәкілдер өсімдік тектес зат салынған ораманы анықтап, тәркіледі. Кейін есірткі заттарын сақтау үшін арнайы жалға алынған пәтерді тексеру кезінде дәл осындай зат салынған қап табылып, алынды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттардың марихуана есірткі заты екені анықталды. Оның жалпы салмағы шамамен 13 келі, бұл 21 мыңнан астам бір реттік дозаға тең.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аса ірі көлемде есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Аталған баптың санкциясы үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар