Ақтөбедегі алаяқтар мұнай компаниясына жұмысқа орналастыруға уәде беріп, 40 миллион теңгені жымқырған

Қаракөз Амантай 18 шіл. 2024 10:47 2327

Ақтөбе қаласының N2 соты 170-тен астам адамды алдаған алаяқтарға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында 2022-2023 жылдар аралығында Ақтөбе облысының екі тұрғыны азаматтарды Атырау облысында орналасқан мұнай компаниясына вахталық әдіспен жұмысқа орналастыруға уәде етіп, алдау жолмен әр жәбірленушіден 50-700 мың теңге аралығында ақша алғанын анықтады.

Нәтижесінде күдіктілер ұсталып, олардың 172 жәбірленушіден жалпы сомасы 40 миллион теңгеге жуық ақша қаражатын иемденгені белгілі болды.

“Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, заттай айғақтармен, сот-экономикалық сараптама қорытындысымен, қылмыстық істегі басқа да дәлелдермен толық расталды. Нәтижесінде сот үкімімен сотталушылар алаяқтық жасауға кінәлі деп танылып, бірі 6 жылға, екіншісі 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталғандарға коммерциялық ұйымдарында лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды”, - делінген хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар