Ақтөбеде ондаған тұрғын турфирмаға алданып қалдық деп шағымданды

Ақтөбеде ондаған тұрғын турфирмаға алданып қалдық деп шағымданды
ЖИ: Dalanews.kz

Ақтөбеде ондаған тұрғын шетелге демалысқа ұша алмай қалғанын айтып, турфирманың үстінен шағым түсірді. Клиенттердің сөзінше, жолдама ақысын төлегеннен кейін компания өкілдері байланысқа шықпай қойған. Зардап шеккендер келтірілген шығын көлемі жүздеген миллион теңгеге жеткенін айтады, деп хабарлайды dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Туристердің бірі Динара Катанның айтуынша, қазіргі таңда анықталған жалпы шығын көлемі 219 миллион теңге.

– Барлық түбіртектер мен құжаттар қолымызда бар. 69 адам жиналып, арыз жаздық. Бірақ әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Біздің талабымыз – бәрі заң аясында шешіліп, төленген қаражат қайтарылуы керек, – дейді ол.

Тағы бір тұрғын Асылбек Дүйсенбеков отбасымен бірге 5-13 тамыз аралығында Анталияға демалуға жолдама алғанын айтады.

– Біз Алматыға өз қаражатымызға жеттік. Ұшар алдында билеттер жіберіледі деп күткен едік. Алайда рейске бір күн қалғанда турдың күші жойылғанын хабарлады. Компанияға шамамен 2 миллион теңге төледім, – дейді ол.

Зардап шеккендердің айтуынша, олар Түркия, Мысыр және Грузияға демалуды жоспарлаған. Турфирманы достары мен таныстары ұсынғандықтан, көпшілігі компанияға сенім артқан. Кейбір клиенттер бұған дейін де осы фирманың қызметін пайдаланып, шетелге сәтті барып келгендерін айтады.

Тұрғындардың бір бөлігі жолдамаларды бөліп төлеу арқылы рәсімдеген. Соған қарамастан, сапар жүзеге аспаса да, олар төлемдерін жалғастырып отыр. Сонымен қатар туристер ұшатын қала – Алматыға өз есебінен жеткен.

Клиенттердің айтуынша, бастапқыда компания менеджерлері кездесулерді кейінге шегеріп, мәселені шешуге уәде берген. Кейін қоңыраулар мен хабарламаларға мүлдем жауап бермей қойған. Қазір зардап шеккендер бірігіп, полицияға жаппай арыз түсіріп жатыр. Белгілі болғандай, турфирмаға қатысты алғашқы шағым 6 тамыз күні түскен. Бүгінге дейін ресми түрде 17 адам арыз берген.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс аясында тергеу басталғанын мәлімдеді.

– Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ күдікті ретінде анықталған тұлғаның орналасқан жерін анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары қолға алынды, – деді Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазіргі уақытта компания иесінің қайда жүргені анықталып жатыр.