Ақтөбеде мемлекеттік мекеме директоры 35 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды

Қаракөз Амантай 23 сәу. 2025 10:01 200

Ақтөбе қаласында «Жол қозғалысы және цифрлық технологиялар қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» КММ директоры А. Тілмағамбетовке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында заңдылық пен тәртіп қағидатын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта жүргізілген тергеу нәтижесінде Тілмағамбетов жеке кәсіпкер А. Кусумовпен бірлесіп, жалған мемлекеттік сатып алу шартын жасасқаны және нақты орындалмаған жұмыстар үшін 35 млн теңге көлемінде қаражат иемденгені анықталған.

Заңнама талаптарын өрескел бұза отырып, сатып алу бір көзден алу тәсілімен іске асырылған. Сонымен қатар, Тілмағамбетов мердігер ұйымдармен кепілдік міндеттемелері аясында атқарылуы тиіс жол таңбаларын салу жұмыстарын да мемлекеттік сатып алу шарттары арқылы рәсімдеп, 237 млн теңге бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаған.

Ақтөбе қаласының №2 сотының шешімімен Тілмағамбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте, судьяда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет ету құқығынан айырылды.

Оның сыбайласы А. Кусумов 7 жылға сотталып, коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Айта кетейік, бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. ҚР Конституциясының 77-бабы мен Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, адамның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар