Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге үкім шықты

Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге үкім шықты
Диапазон.

Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне пышақпен шабуыл жасаған 11-сынып оқушысы ауруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға былтыр 2 желтоқсанда Ақтөбе қаласының орталығындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Алғадан қалаға көшіп келген отбасында қайғылы жағдай орын алған. 11-сынып оқушысы анасына пышақ сұғып, әйел алған жарақатынан көз жұмған. Оның жасы 41-де болған.

Жасөспірім 72 жастағы әжесіне де пышақ жарақатын салған. Алайда әйел аман қалған. Оны жедел жәрдем қызметі пышақ жарақаттарымен қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізген.

Оқиғаға сол түні төртінші қабаттағы пәтерден шыққан айқайға назар аударған жоғарғы қабаттағы көршілер себепкер болып, полиция шақырған.

Іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот процесі шамамен тоғыз айдан кейін өткен. Алайда айыпталушы сот отырысына қатыспаған. Ол психиатриялық ауруханада емделіп жатыр.

Сотта сарапшы-психолог жасөспірімнің бойындағы ауру белгілерін жақындарының байқамауы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, мектептегі педагог-психолог мұндай белгілерге назар аударуы керек болған.

Сарапшы жасөспірімді оқшаулап, медициналық мекемеде бақылауда ұстау қажет екенін атап өткен.

Сотта жәбірленуші ретінде жасөспірімнің әжесі сөз сөйледі. Ол немересін жақсы бала ретінде сипаттап, оның үнемі көмектескенін және кішілермен ойнағанын айтқан.

«Немерем жақсы бала. Маған үнемі көмектесетін, кішілермен ойнайтын. Мен ол үшін қатты алаңдаймын. Оған қатысты ешқандай шағым болған емес. Сол түні не болғанын білмеймін. Полиция келгені есімде, кейін ауруханада есімді жидым. Жарақаттарым жеңіл болды», – деді әжесі сотта.

Жасөспірімге Қылмыстық кодекстің адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша айып тағылған.

Сот оны ауруына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Үкімде жасөспірімге стационар жағдайында мәжбүрлі медициналық емдеу қажет екені көрсетілген.