Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Тоғыз ауылында заңсыз иемделген активтерді қайтару есебінен заманауи медициналық пункт ашылып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл жоба прокуратура органдары қайтарған заңсыз шығарылған активтер есебінен жүзеге асырылып, халық игілігіне бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.
Жаңа медициналық пункт тәулігіне 25 келушіні қабылдауға арналған және ауыл тұрғындарына сапалы әрі уақтылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
Нысанның пайдалануға берілуі шалғай елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, халық денсаулығы деңгейіне оң әсерін тигізеді.
Енді ауыл тұрғындары басқа елді мекендерге бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жері бойынша алу мүмкіндігіне ие болды.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында қайтарылған активтер есебінен 13 әлеуметтік нысанның 11-інің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Қалған жобаларды іске асыру жалғасуда.
Жалпы, активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып, әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
