Алайда Ойыл ауданында бірнеше айдан бері әкімнің міндетін атқарып отырған Шоқан Тілеумағанбетов ауылдастарын қолдаудың орнына жекіп тастаған. Мұнымен қоймай халықты: «нағыз кержалқаусыңдар» деп айыптапты. Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен бұл ауданда қырыққа тарта үй құлап қалған екен. Сол кезде көмек сұрап келген тұрғындар әкімнің ашуын әбден келтірген сияқты.
Шоқан Тілеумағанбетов, Ойыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
– Халық енді әбден жаман үйреніп кеткен жасыратыны жоқ. Жалқау болмаса істемей ме үйлерін? Айтыңызшы. Әркім өз үйіне ие болу керек қой.
Екі сөздің басын әрең құрап тұрғанымен бұл әкім Ақтөбе облыстың ревизиялық комиссияның төрағасы, өңірдегі ықпалды шенеуніктердің бірі Сағат Еңсегенұлының туысы. Ауылдастарына жекіп, зілді сөйлеп тұрғаны да сондықтан болар.
Жалпы, Ойыл ауданында бір аптадан бері толассыз нөсер жаңбыр мен еріген қар суы қосылып жұртты әбігерге салып жатыр. Баспанасыз қалғандардың жағдайын облыс әкімінің өзі көріп қайтыпты. Қазір шаңырақтары ортасына түскен тұрғындар туыстарының үйін паналап жүр. Шенеуніктер әзірге 37 отбасының 18-не ғана көмек беруге шешім шығарған.
Дереккөз: КТК телеарнасы