Ақтаулық командир жаңадан келген сарбаздардың басынан дубинкамен ұрып, тісін қағып алған

Көркем Алдабергенова 26 нау. 2024 09:18 14300

Ақтауда командир жаңадан келген сарбаздың басынан отырғышпен ұрған. Сондай-ақ ол әскерге шақырылғандардың басынан таяқпен ұрған. Зардап шеккен әскерилер командирін кешіріп, оған қатысты қылмыстық іс сотта тоқтатылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Диапазонға" сілтеп. 

Басылым мәліметінше, Ақтауда орналасқан 25744 әскери бөлімінің әскери қызметкері қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталған.

"Мысалы ол жаңадан келгендерді жинап, біреуінің басынан ағаш дубинкамен ұрған. Жас сарбаз командирдің тегін дұрыс айтпағаны үшін бірнеше соққы жеген. Басқа да сарбаздарды дубинкамен ұрған", - делінген материалда. 

Тағы бір оқиғада әскери қызметкер сапқа кешігіп келген сарбаздың бетінен жұдырықпен ұрып жіберген. Артынша оны да басынан отырғышпен ұрып жіберген. Бірнеше соққы жеген сарбаз басынан ұстап отырып қалған, алайда командир мұнымен тоқтамай, ұруын жалғастырған. Тағы бір сарбаздың тісін қағып алған.  

"Ең қызығы мынада. Тергеу барысында бес сарбаз жәбірленуші деп танылған. Бірақ олар командирге кешірім беріп, екі жақ татуласқаны туралы арыз жазған. Айыпталушының өзі кінәсін мойындап, жәбірленуші тараппен татуласқанын айтқан", - деп жазылған материалда. 

Нәтижесінде Ақтөбе гарнизоны Әскери соты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі тоқтатқан. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар