Әзербайжанның Minval басылымы 1 шілдеде ресейлік әуе шабуылына қарсы күштердің капитаны Дмитрий Паладичуктың түсініктемесіне негізделген мәліметтерді жариялады. Құжатта 2024 жылғы 25 желтоқсанда Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағына оқ ату бұйрығын дәл осы капитан бергені айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Minval жазуынша, редакцияға аты-жөні көрсетілмеген дереккөзден "сенсациялық материалдар" келіп түскен. Олардың ішінде ұшаққа шабуыл жасалған сәттің видеожазбасы мен аудиофайлдары да бар.
Паладичуктың түсініктемесінде Embraer 190 ұшағы нақты аталмайды. Онда тек "тұман салдарынан көзге анық көрінбейтін нысана" жайлы баяндалады. Капитан биіктігі мен жылдамдығын баяндап, 51-дивизияның әскери командалық пунктіне белгісіз әуе нысанасы туралы хабарлаған. Осыдан кейін нысананы жою туралы бұйрық алып, операторға шабуыл жасауға пәрмен берген. Алғашқы зымыран нысанаға дөп тимеген соң, екінші рет атуға бұйрық береді.
The Insider басылымының дерегінше, Дмитрий Паладичук Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінде, соның ішінде 14-армия құрамында қызмет атқарған. Ол өзінің түсініктеме жазғанын телефон арқылы растаған. Паладичук жазбасындағы "ё" әрпін жазу стилі екені, ал дауысы әзербайжандық ақпарат құралдары жариялаған видеодағы дауыспен сәйкес келгені айтылды.
Еске салсақ, AZAL компаниясының Embraer 190 жолаушылар ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бағыт алған кезде Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында бес экипаж мүшесімен бірге 67 адам болған. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам көз жұмып, 29 жолаушы аман қалған.